Білім - адамзат өркениетінің алтын қазығы, болашақтың шамшырағы. Әрбір ұстаздың жүрегінде алаулаған ұлы мақсат бар: ол - шәкірттерге сапалы білім мен саналы тәрбие беру. Осы ізгі ниет жолында Н.Ильясов атындағы №9 мектеп - гимназиясы мен №178 орта мектебі арасында «Баршаға қолжетімді сапалы білім» Ұлттық баяндамасы аясында бірлескен іс - шаралар ұйымдастырылып, оның ең жарқын сәттерінің бірі - «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы негізінде өткен педагогикалық тәжірибе алмасу болды.
Бұл кездесуде мектеп - гимназия директорының бейінді ісі жөніндегі орынбасары С.Сүйіндікова «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының идеологемалары туралы терең баяндама жасады. Оның сөзі ұстаздардың жүрегіне жол тауып, ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтардың маңызын қайта ойлануға жетеледі. Білім беру тек ақпарат берумен шектелмей, ұлттық руханият пен құндылықтарды шәкірт санасына сіңіру арқылы кемелденуі тиіс екенін тағы бір дәлелдеді.
Осы ұлы идеяны іс жүзінде көрсету мақсатында мектеп - гимназияның биология пәні мұғалімі Дәуренқызы Салтанат «ДНҚ молекулалық құрылысының принциптері: нуклеотидтердің комплементарлылығы» тақырыбында панорамалық сабағын өткізді. Сабақ барысында ол оқушылардың тек ғылыми білімді меңгеруін ғана емес, олардың ұлттық санасы мен шығармашылық ойлау қабілеттерін дамытуға ерекше көңіл бөлді. Мұғалім биология ғылымын халқымыздың дәстүрлі дүниетанымымен үйлестіре отырып, шәкірттерге білімнің өмірмен ұштасатынын көрсетті.
Тәжірибе алмасу барысында педагогтер көкейіндегі сұрақтарын қойып, бірлесе ой бөлісті. Әрбір ұстаз үшін бұл шара шабыт пен жаңашылдыққа бастайтын, білім мен тәрбиенің біртұтас болмысын сезінетін ерекше алаң болды. Кездесу соңында ұстаздар бірін - бірі жігерлендіріп, болашақтағы бірлескен жұмыстарға ниеттестігін білдірді.
Осындай игі шаралар білім мен тәрбиенің үйлесімін қамтамасыз етіп, сапалы білімнің тұғырын нығайта түсетіні сөзсіз. Ұстаздың ұлық жолында мұндай басқосулардың маңызы зор. Себебі, білімнің шамшырағы сөнбес үшін әрбір ұстаз өзі де үнемі үйреніп, білгенімен бөлісіп отыруы қажет. Ұстаздардың бірлігі мен ізденісі - ұлт болашағының жарқын кепілі!
https://9sh-gimnziya-edu.testim.kz/kz/zhanaly-tar/515-birt-tas-t-rbie-sapaly-bilimni-t-yry.html#sigFreeIdb8879989e9






