Н.Ильясов атындағы №9 мектеп-гимназия
Қызылорда қаласындағы, «Ақмешіт» м/а №9 мектеп-гимназия 1983 жылдың сәуірінде жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілді. Мектеп алғашында 8 жылдық болып жұмыс істеп, онда 454 оқушы 32 мұғалім болды. 1986 жылдан бастап орта мектепке айналды. Қазақ ССР-і министрлер Кеңесінің 1987 жылғы 18 қарашадағы №513 қаулысымен №9 мектепке Совет Одағының Батыры Нағи Ильясовтың есімі берілді. 1996 жылы 7 мамырда Қызылорда қалалық халық депутаттары кеңесінің №495 шешімімен Нағи Ильясов атындағы №9 мектеп-гимназия болып аталды.
Мектеп ашылған күннен бастап 1983 жылы Бекбулатов Рашид Абдуллаұлы директорлық қызметке тағайындалды. Ол 1946 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. 1965 жылы Қызылорда педагогикалық институтының шетел тілі факультетіне түсіп, оны 1969 жылы бітірген. 1983-2007 жылдар аралығында №9 мектеп-гимназиясының директоры қызметін атқарған. 1980 жылы оқу-тәрбие жұмысындағы елеулі жетістіктері үшін Қазақ ССР-і Оқу министрлігінің «Құрмет Грамотасымен», «Қазақ ССР-ның ағарту ісінің үздігі» белгісімен марапатталған. Зейнет демалысындағы ардагер ұстаз.
Жүсіпәлиев Марат Қамбарұлы -1962 жылы Қызылорда қаласында туылған. 1981 жылы Н.В.Гоголь атындағы педагогика институтының орыс тілі мен әдебиеті факультетін 1986 жылы бітірген. №86, №8, №144 мектептерде директорлық қызметте болып, 2007-2010 жылдар аралығында №9 мектеп-гимназиясының директоры қызметін атқарған. Жоғары санатты мұғалім, Облыс әкімі мен ҚР Білім және Ғылым Министрілігінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Джунельбаева Фазила Елтайқызы -Н.В.Гоголь атындағы педагогика институтының филология факультетін бітірген. Қызылорда облысы әкімдігінің бөлім қызметкері, аудан әкімдерінде орынбасар, №175 мектеп директоры қызметтерінде болған. 2010-2011 оқу жылында №9 мектеп-гимназиясының директоры қызметін атқарған. І санатты орыс тілі пәні мұғалімі. Зейнет демалысындағы ардагер ұстаз.
Баязитова Сәуле Абсеметқызы -Н.В.Гоголь атындағы педагогика институтының филология факультетін бітірген. №9 мектеп-гимназияда директордың оқу-тәрбие орынбасыры қызметтерінде болған. 2011 оқу жылының қараша айында №9 мектеп-гимназиясының директоры қызметін 2012 жылдың сәуіріне дейін атқарып, №197 орта мектепке директорлық қызметке ауысқан. Қазіргі таңда №9 мектеп-гимназияда жоғарғы санатты зерттеуші ұстаз. Орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.
Ақшалов Еркін Кенжебайұлы –Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университетінің дене шынықтыру мен алғашқы әскери дайындық факультетін жіне мемлекеттік жергілікті басқару факультетін бітірген. №101 мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасыры қызметтерінде болған. 2012 оқу жылының сәуір айында №9 мектеп-гимназиясының директоры қызметін 2012 жылдың қыркүйегіне дейін атқарып, халық қалауымен Ақжарма ауылының әкімі қызметіне тағайындалған. Қазіргі таңда №8 мектеп-интернат директоры.
Балатай Ләззат Балатайқызы –Абай атындағы педагогика институтының тарих факультетін, Москва қаласындағы жоғары партия мектебін бітірген. №15 мектеп-гимназияда директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасыры, Қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары қызметтерінде болған. 2012-2015 оқу жылдары аралығында №9 мектеп-гимназиясының директоры қызметін атқарып, 2015 жылдың сәуір айында ротациямен №144 орта мектепке директорлық қызметке ауысқан. Қазіргі таңда зейнет демалысындағы ардагер ұстаз.
Сейтжанова Балайым Сейтжанқызы- Н.В.Гоголь атындағы педагогика институтының орыс тілі мен әдебиеті факультетін бітірген. №9 мектеп-гимназияда директордың оқу-тәрбие орынбасыры қызметтерінде болып, №8, №144 орта мектептерде мектеп директоры қызметтерінде болған. Ротациялық тағайындаумен 2015 жылдың сәуір-қыркүйек аралығында №9 мектеп-гимназиясының директоры қызметін атқарған. Жоғарғы санатты ұстаз.
Баймбетов Ұлықпан Мылтықбайұлы- Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университетінің тарих және құқықтану факультетін бітірген. Қалалық білім бөлімінде әдіскер, «Жастар» үйінің директоры қызметін атқарған. Жоғарғы санатты зерттеуші ұстаз. 2015 жылдың желтоқсан 2019 жылдың сәуір айы аралығында №9 мектеп-гимназиясының директоры қызметін атқарған. Жоғарғы санатты ұстаз.
Абиев Батырбек Алтынбайұлы- Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітірген. Қалалық білім бөлімінде әдіскер, инспектор, №187 орта мектепте, №11 мектеп-лицейде директорлық қызметтер атқарған. Жоғарғы санатты зерттеуші ұстаз. 2019 жылдың сәуір айынан №9 мектеп-гимназиясының директоры.
1992 жылдары химия, биология пәндерінен профильдік оқыту енгізілген. Кейінгі жылдары математика пәндеріде тереңдетіліп оқытыла бастаған. Қазаргі таңда гимназия санатына байланысты ағылшын тілі пәні тереңдетіліп және гимназия сыныптары ашылған.
Мектепте бір мультимедиялық кабинет, толық жабдықталған химия, биология, физика кабинеттері бар. Осы жылдар аралығында 16 түлек «Алтын белгіге», 21 түлек «Үздік аттестатқа» бітірген. 2013 жылы мектептің 30 жылдығы мерейтойы аталап өтілді.






