18 - 19 наурыз күндері Қызылорда қаласында білім беру ұйымдары басшыларының инновациялық және кәсіби маңызды тәжірибесін айқындап, білім саласындағы жаңа идеяларды кеңінен тарату мақсатында «Бір мектеп - бір жоба» облыстық байқауының қалалық кезеңі өз мәресіне жетті. Байқау Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектеп базасында жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл байқау - өз ісінің шебері саналатын мектеп директорлары үшін кәсіби әлеуетін танытуға арналған үлкен алаң болды. Осы мәртебелі байқауда Н.Ильясов атындағы №9 мектеп - гимназиясының директоры, тәжірибелі тарих пәнінің мұғалімі, жаңашыл басшы Ибраев Бекзат Сағындықұлы ерекше дараланды. Өзінің кәсіби шеберлігін, көшбасшылық қабілетін және заманауи басқару жүйесін терең меңгергендігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
📚 18 наурыз күні Бекзат Сағындықұлы 7 - сынып оқушыларына Қазақстан тарихы пәнінен «Жәрмеңке саудасының дамуы» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Сабақ құрылымы мазмұнды, оқу мақсаты айқын, оқушылардың қызығушылығын арттыруға бағытталған тиімді әдіс - тәсілдермен ұтымды ұйымдастырылды. Әрбір оқушының белсенділігін арттыра отырып, тарихи тақырыптың өзектілігі мен өмірмен байланысын нақты көрсете білді. Сабақ барысында білім беру мен тәрбиенің үндестігі анық байқалды.
🌟 Ал 19 наурыз күні мектеп директоры өз мектебінің даму бағдарламасы аясында «Гуманитарлық білім академиясы» атты ауқымды жобасын сәтті қорғап шықты. Бұл жоба - тек білім беру процесін жетілдіру ғана емес, сонымен қатар оқушылардың интеллектуалды, рухани және цифрлық әлеуетін үйлестіре дамытуға бағытталған тың бастама. «Гуманитарлық білім академиясы» жобасы - заман талабына сай жаңашыл идеялар мен кешенді мүмкіндіктерді бір арнаға тоғыстырған бірегей білім кеңістігі.
✅ Бұл жетістік - тек жеке басшының ғана емес, тұтас мектеп ұжымының бірлік пен кәсіби өсуге деген талпынысының нәтижесі. Ибраев Бекзат Сағындықұлы - өз ісінің шынайы жанашыры, ұжымды алға жетелейтін нағыз көшбасшы екенін дәлелдеді. Ол ұсынған әрбір бастама - мектептің дамуына, оқушылардың сапалы білім алып, саналы ұрпақ болып қалыптасуына жасалған сенімді қадам. №9 мектеп - гимназиясы - дамуға бағытталған мектеп!