3 желтоқсан 2025 жылы Нағи Ильясов атындағы №9 мектеп-гимназиясында 8–9 сынып қыз балаларының қатысуымен ерте жүктіліктің алдын алу бағытында ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы өткізілді.

Кездесу барысында көтерілген негізгі тақырыптар:

Ерте жүктіліктің түсінігі, себептері және салдары туралы Қызылорда ҚПБ ҚҚБ ЮПБ аға учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Аязбаева Гүлзат Серікқызы ерте жүктілік 13–19 жас аралығында орын алатынын, бұл кезеңде бойжеткендерде гормондық өзгерістер жүретінін түсіндірді. Сонымен қатар қате ақпараттың интернеттен алынуы, ата-ананың жауапкершілігінің төмендігі, әлеуметтік факторлар, жасөспірім аналардың оқудан шеттетілуі сияқты мәселелер кеңінен талқыланды. Статистикалық мәліметтер ұсынылып, қыз балалардың репродуктивті денсаулығын сақтау — дені сау ұрпақ кепілі екені ерекше атап өтілді.

Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ералиева Эльмира Орынбасаровна жасөспірімдерге қауіпсіз мінез-құлық, бөгде адамдардың әрекетін ажырату, агрессиядан қорғану жолдары, «жоқ» деп айтудың маңыздылығы, сондай-ақ қауіпті жағдайларда кімге жүгіну керектігі туралы толық түсіндірді.

Жиналыс барысында ерте жүктіліктің зияны туралы бейнематериал ұсынылды, жағдайлардан мысалдар келтірілді, оқушылар талқылау жүргізіп, сұрақтарын қойды, пікір алмасты.

Оқушылар белсенділік танытып, өздеріне маңызды мәселелер бойынша ашық сұхбат жүргізді.