Іс шараның мақсаты:
2025-2026 оқу жылында білім әлеміне қадам басқан 1сынып бүлдіршіндерін
құттықтау.Мектепке деген сүйіспеншілігі пен қызығушылығын қалыптастыру.
«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының аясындағы құндылықтарды сіңіру мақсатында жаңа оқу жылының басымдылығы А. Құнанбайұлының 180 жылдығы мен М. Дулатұлының 140 жылдығын ұлықтау. Жас ұрпаққа ұлттық құндылықтар арқылы патриоттық тәрбие беру.
Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Гимнімен ашылды.Қала әкімінің орынбасары Тұрсынбаев Дархан Есалыұлы 1сынып оқушыларының мектеп табалдырығын алғаш аттаған қуаныштарын бөлісіп,құттықтау сөз сөйледі.
Мектеп-гимназия директоры Ибраев Бекзат Сағындықұлы құттықтау сөзінде биылғы оқу жылында Нағи Ильясов атындағы мектеп-гимназиясының 1-ші сыныбына 5 сынып жинағы бойынша 110 бала қабылданып,білімге жол бастаған кішкентай бүлдіршіндерді Мемлекет басшысының, облыс әкімінің қолдауымен күрделі жөндеуден өткен еңсесі биік, тарихы терең білім ордасы мен тәжірибелі ұстаздар қарсы алып отырғанын баяндап өтті.
Жиын басында 1 сынып оқушылары ортаға шақырылып,сынып жетекшілері таныстырылды. Білім ордасына алғаш келген кішкентай бүлдіршіндердің алаңмен жүріп өткен шеруі ата-аналарға үлкен қуаныш сыйлады.
Білім күні мерекесінің «Білім еліне алғашқы қадам!»атты бөлімінде
1 сынып оқушылары өздерінің тәтті тілдерімен құттықтау көркем сөздерін жиын қонақтарына тарту етті.
2025-26 оқу жылында көптеген тарихи тұлғалар,атап айтқанда Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл және ел үшін жанын қиған алаш арысы Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл толуымен тұспа тұс келіп отыр. Олардың сөздері мен өсиеттері – жас ұрпаққа жол көрсететін шамшырақ!
Оқушылардың «Абай мен Міржақып – мәңгілік руханият шамшырақтары» сахналық көрініс арқылы ұлы есімдердің мұрасын ұлықтау жұмысы патриоттық сезімге толы,берер әсері мол болды.
11сынып оқушылары «Әліппе» оқулығын 1 сыныптарға салтанатты түрде табыстады.
Білім күнінде өткізілген «Мектебім – мейірім мекені» атты салтанатты жиын соңында мектеп өміріне жол бастайтын қоңырау үні естіліп, 1-сынып оқушылары өз сыныптарына қадам басты.
Білім жолында қанатың талмасын Жас дос!
Сендер – білімді ұрпақ,Тәуелсіз Қазақстанның болашағысыңдар!