Болашаққа қадам: бітіруші түлектермен маңызды кездесу өтті
Бүгін Нағи Ильясов атындағы №9 мектеп-гимназиясында бітіруші түлектер үшін ерекше әрі маңызды кездесу өтті. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Рекрутинг және мансап бөлімінің әдіскері Арыстанбек Абай Русланұлы және маманы Жұмабек Аябек Бекұлы түлектермен жүздесіп, болашаққа жол сілтейтін құнды ақпараттармен бөлісті.
Кездесудің мақсаты:
- Бітіруші түлектерге Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) жайлы толыққанды мәлімет беру;
- Мемлекеттік гранттарға өтініш беру және университет таңдау кезінде ескерілетін маңызды кеңестер ұсыну;
- Жоғары оқу орнына түсу барысындағы мотивация мен қолдау көрсету.
Бұл кездесудің ұйымдастырылуы мектеп-гимназия директоры Бекзат Сағындықұлының бастамасымен жүзеге асты. Оқушылардың болашағына бей-жай қарамайтын, әр шәкіртінің жетістікке жетуін көздейтін мектеп басшысының қолдауы түлектер үшін ерекше демеу болды.
Әдіскерлер түлектерге қазіргі заманғы білім беру үрдістері мен Қорқыт Ата университетінің мүмкіндіктері жайлы баяндап, мамандық таңдау кезіндегі жауапкершіліктің маңызын атап өтті. Сонымен қатар, түлектер үшін білім беру гранттары, ҰБТ-ға дайындық және оқуға түсу кезеңіндегі өзекті мәселелер бойынша сұрақ-жауап ұйымдастырылды.
Осындай мазмұнды кездесулер түлектердің өз болашақтарына сенімді қадам жасауына ықпал етеді. Мектеп ұжымы атынан Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің мамандарына алғыс білдіреміз және барлық түлектерімізге сәттілік тілейміз!
https://9sh-gimnziya-edu.testim.kz/kz/zhanaly-tar/419-bitirushi-t-lektermen-bolasha-a-ba-yttal-an-kezdesu.html#sigFreeId044489a109






