№3 педагогикалық кеңес: Жетістіктер мен алда тұрған міндеттер Бүгін, 6 қаңтар күні, №9 мектеп-гимназияда дәстүрлі №3 педагогикалық кеңес өткізілді. Бұл жиын ұжымның ортақ мақсаттарды айқындап, жаңа жетістіктерге жетелейтін маңызды алаңына айналды. Кеңеске педагогикалық құрам толығымен қатысып, білім беру сапасын жақсарту, оқушылардың жетістігін арттыру және алда тұрған міндеттерді талқылау бойынша мазмұнды пікір алмасу өтті.

Кеңесті мектеп-гимназия директоры Бекзат Сағындықұлы ашып, ұжымды өткен оқу жылының І жартыжылдығында атқарылған жұмыстардың маңыздылығы мен жетістіктерімен құттықтады. Ол өз сөзінде:

"Біздің мақсатымыз – тек сапалы білім беру емес, сонымен қатар әрбір оқушының тұлғалық дамуына ықпал ету. Ұжымдағы әрбір педагогтың еңбегінен нәтиже, дамуды және биік жетістіктерді көру – мен үшін үлкен мәртебе. Бірлесе жұмыс істей отырып, біз оқушыларымыздың болашағына берік негіз қалаудамыз," – деп, ұжымға алдағы міндеттердің маңыздылығын айрықша атап өтті.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер:

II тоқсан қорытындысы және I жартыжылдық бақылау жұмысының нәтижелері
Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Шынар Махсутқызы білім сапасын талдап, оқушылардың үлгерімі мен нәтижелері бойынша мониторинг жүргізді. Сондай-ақ, 9 және 11-сынып оқушыларының "Үздік аттестат" пен "Алтын белгіге" үміткерлігі талқыланды. Ұжым үміткерлерді бірауыздан қолдап, оларға сенім білдірді.

Бейінді бағдарлы оқытудың жұмыстары: соңғы 3 жылдағы олимпиада қорытындылары
Директордың бейінді ісі жөніндегі орынбасары Сағыныш Максимқызы соңғы үш жылда мектеп оқушыларының пәндер бойынша 44 жүлделі орын мен 12 алғыс хат алғанын атап өтті. Бұл көрсеткіш бейінді оқытудың оң нәтижесін айқындайды. Сонымен қатар, кейбір пәндер бойынша дайындық жұмыстарын жүйелеу қажеттігіне назар аударды.

«Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясындағы атқарылған жұмыстардың қорытындысы
Тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Эльмира Орынбасаровна І жартыжылдықтағы тәрбие бағдарламасы бойынша жүзеге асырылған шаралар жайлы мазмұнды талдау жасады. Әр айдағы іс-шаралардың тәрбиелік құндылығы мен маңыздылығы ерекше атап өтілді.

Кәсіподақ комитетінің есебі
Кәсіподақ комитетінің төрайымы Амина Умирбековна педагогикалық ұжымға кәсіподақ жарналарының жұмсалу есебін ұсынды.
Кеңес соңында мектеп директоры Бекзат Сағындықұлы:

"Біздің ұжым – тұрақты дамуға ұмтылатын ұйымшыл команда. Біз тек білім сапасын арттыру ғана емес, әр оқушының жарқын болашағын қалыптастыру жолында аянбай еңбек етеміз. Алдымызда биік мақсаттар тұр, және біз бұл міндеттерді бірлесе шешуге дайынбыз," – деп, ұжымды ынталандырды.
Педагогикалық кеңес хатшысы Гүлім Ғаниқызы №3 педагогикалық кеңес қаулысын оқыды. Ұжым қаулыны бірауыздан қолдап, кеңес табысты аяқталды.