2025 жылғы 27 қараша күні Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау майоры Бақбергенов Жанболат Амалұлы және Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының офицері аға лейтенант Сейілов Дулат Нұрбекұлы «Нағи Ильясов атындағы №9 мектеп-гимназиясының» 10-11 сынып оқушыларымен кездесіп, кәсіби бағыт-бағдар беру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесудің негізгі мақсаты-Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің М. Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясына оқуға түсу қағидалары туралы кеңінен ақпарат беру және азаматтық қорғау саласының маңызын түсіндіру болды.
Шара барысында мамандар:
• академияға құжат тапсыру талаптары;
• қабылдау кезеңдері мен емтихан форматы;
• медициналық және дене дайындығына қойылатын талаптар;
• оқу орнының артықшылықтары мен әскери тәртіп ерекшеліктері;
• азаматтық қорғау саласындағы қызметтің қоғам үшін маңызы туралы жан-жақты мәлімет берді.
Сонымен қатар, оқушыларға академиядағы білім беру бағдарламалары, курсанттардың күн тәртібі, әлеуметтік қолдау түрлері, болашақ мансаптық мүмкіндіктер және төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою бағытындағы жауапты қызметтің қыр-сыры таныстырылды.
Оқушылар мамандарға қызығушылықпен сауалдарын қойып, нақты жауаптар алды. Кездесу жас түлектердің кәсіби бағдарын қалыптастыруға, мамандық таңдауда саналы шешім қабылдауына ықпал етті.
https://9sh-gimnziya-edu.testim.kz/kz/meditsinaly-yzmet/635-t-tenshe-zha-dajlardy-aldyn-alu-bas-armasy.html#sigFreeId06d9e3318d






