"Білімді ұрпақ – жарқын болашақтың кепілі"
"Баршаға қолжетімді білім" жобасы аясында 2024-2025 оқу жылында Нағи Ильясов атындағы №9 мектеп-гимназиясы мен №178 орта мектебі тірек мектептері ретінде бірлесіп, жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бұл бастама – жас мамандарға кәсіби дамудың жаңа мүмкіндіктерін ұсынып, тәжірибе алмасудың тиімді алаңына айналуда.
Білім алмасу – үздіксіз даму кепілі!
Бүгін екі мектептің жас педагогтері бірлескен тәжірибе алмасу сессиясында бас қосып, өзара білім мен әдістемелік шеберліктерін ортаға салды. Нағи Ильясов атындағы мектеп-гимназиядан өз тәжірибесімен бөліскен педагогтер:
Төлеу Нұргүл – математика пәні мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі,
Қаражанова Айнұр – информатика пәні мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі,
Данабекқызы Айзада – бастауыш сынып мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі.
Жүректен шыққан ұстаздық өнер! Бұл ұстаздар теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып, шәкірт тәрбиелеудің жаңа әдістерін көрсетті. Олар – заманауи білім беру үрдісіне сай, оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасайтын нағыз кәсіби мамандар. Өз ісіне шынайы берілген ұстаздарымыз оқушыларға сапалы білім берудің тың тәсілдерін ұсынудан жалықпайтындарын дәлелдеді.
Кездесудің өзектілігі
Бүгінгі тәжірибе алмасу – жас мамандардың әдістемелік шеберлігін арттырып, педагогикалық жолдағы сенімін нығайтуға бағытталған. Бұл бастаманың жетекшісі, мектеп директорының бейіндік ісі жөніндегі орынбасары Сүйіндікова С., жастарға жол сілтеп, кәсіби бағыт-бағдар беруде үлкен үлес қосуда.
Бірлескен еңбек – биік нәтижелердің бастауы!
Осындай іс-шаралар жас мамандардың шығармашылық әлеуетін арттырып, болашақ ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруге сеп болары анық.