Анастасияның Әлжанбаевтар отбасына келін болып түскеніне 13 жылға жуықтады. Содан бері басынан орамалын тастамай, дәстүрді дәріптеп келеді. Таңертең ерте тұрып, енесіне сәлем салады. Жұбайының жағдайын жасап, балаларын бағады. Апта сайын бауырсақ пісіріп, қазанға етін салады. Ұлттық тағамдардың түр-түрін дайындап, қонақтың көңілін табады. Қолы қалт етсе, құрақ көрпеше, жастық тігіп, ақ жаулықты ананың батасын алады. Енесі келініне дән риза.

Камила Әлжанбаева, қала тұрғыны: «Құдайға шүкір, қазақша сөйлейді. Тамағын істейді. Орамал тартады, қазақша киінеді, кейде модный болып та киінеді. Азанда тұрғанда сәлемін береді. Қолынан бәрі келеді. Шәйді әдемілеп, қою қылып береді. Бәрінің келіні менің келінімдей болсын.»

Анастасия бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Ұлын кітап оқуға баулып, білімін жетілдіруге тырысады. Мұнан бөлек, бөлме гүлдерін өсіріп, өсімдікпен тілдеседі. Анастасияның мамандығы мұғалім. Тәжірибелі педагог Нағи Ілиясов атындағы № 9 мектеп-гимназияда бастауыш сынып оқушыларына сабақ береді. Әрі орыс сыныбында оқитын балаларға қазақ тілін үйретіп жүр.

Анастасия Әлжанбаева, мұғалім: «Қазақ тілін білу біздің ең бірінші міндетіміз. Қазақ тілін білмесең, қалай қазақ жерінде тұрасың? Америкаға барсаң, ағылшынша сөйлесің, Ресейге барғанда орысша, Қазақстанда тұрасың ба, қазақша сөйлеуің керек. Осы мектепте жеті жыл болды жұмыс істеп жатырмын. Маған қатты ұнайды, мектептің ұжымы жақсы.»

Қазақ тілін жетік меңгерген кейіпкеріміз осылайша отбасы мен жұмысты қатар алып жүр. Оның бұл ісі көпке үлгі.