«Алаштың ардақтысы – Міржақып Дулатов» Бүгін мектеп-гимназиямызда ұлт руханиятына арналған тағылымы терең іс-шара өтті. Қазақ әдебиеті мен қоғамының көрнекті қайраткері, Алаш қозғалысының арқалаған ауыр жүгін адал көтерген тұлға – Міржақып Дулатовтың туғанына 140 жыл толуына орай Парламент өзін-өзі басқару ұйымы оқушыларының ұйымдастыруымен «Алаштың ардақтысы – Міржақып Дулатов» атты мектепішілік ауқымды шара өткізілді. Шара барысында оқушылар Міржақып Дулатовтың өмір жолы, ұлт үшін жасаған еңбегі, Алаш идеясын қалыптастырудағы рөлі жөнінде мазмұнды мәліметтер ұсынды. Тұлғаның отансүйгіштік қасиеті, елдік мүдде жолындағы күресі мен ағартушылық қызметі оқушыларға үлкен ой салды. Кештің ең әсерлі бөліктерінің бірі – қазақ әдебиетіндегі алғашқы әлеуметтік роман саналатын «Бақытсыз Жамал» шығармасынан қойылған көрініс болды. Оқушылар кейіпкерлердің жан дүниесін, сол кезеңнің тағдырлы сәттерін шынайы сомдап, көрерменге шығарманың терең мағынасын жеткізе білді. Көрініс оқырманды XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамының тынысына қайта алып барғандай әсер қалдырды. Сонымен қатар оқушылар Міржақып Дулатовқа арналған өлеңдер оқып, жүрекке жылы тиетін әндер орындап, оның әдеби мұрасына деген құрметін көрсетті. Шығармаларының негізгі идеясы – білім, бірлік, әділдік пен еркіндік тақырыптары талқыланып, тұлғаның ой-толғамдары бүгінгі күнмен сабақтастырылды. Шара аясында арнайы әзірленген деректі бейнеролик көрсетіліп, оқушылар тұлғаның ағартушылық қызметі, «Оян, қазақ!» үндеуінің мәні, қазақ жастарын білімге, өнерге шақырған идеялары туралы қосымша мағлұмат алды. Бұл шара жас ұрпақты ұлттық құндылықтарды бағалауға, тарихи сананы қалыптастыруға, ұлтқа қызмет еткен қайраткерлерді үлгі тұтуға баулыған тағылымы мол шара болды.